Орынбор Шекаралық комиссия жанынан ашылған қазақ мектебі

Мектептің құрылымдық ережелері

1844 жылдың 14 маусымында Орынбор шекаралық комиссия жанынан қазақ балаларына арналған мектеп ашу туралы Ережесі қабылданды

Ереженің бірінші параграфтарында оқушылардың қазақ сұлтандары, би, старшындары мен карапайым отбасынан шыққандарының барлығы үкімет қарауына беріліп, мектепке тәрбиеленушілер қабылдау екі жыл сайын 22 тамызда жүргізілуі керектігі айтылған.​

Ереженің екінші параграфында патша өкіметінің мектеп ашудағы басты мақсаты қазақтарға орыс тілін таратып, қабілетті адамдардан жергілікті шекара басқармасына қарайтын сұлтан правительдермен Ордадағы дистанция бастықтары жанындағы хат-қағаз жүргізушілерді дайындап шығару екендігі көрсетілген.

Ереженің үшінші параграфында ордалықтар балаларын мектепке орналастыру үшін билеуші сұлтан мен Орынбор шекаралық комиссиясына өтініш берулері тиіс екендігі көрсетілген.

Төртінші параграфында мұсылмандық ғибадатты атқарушыны Орынбор рухани мұсылмандар жиналысы таңдап, шекаралық комиссия ұсынысымен Орынбор әскери губернаторы бекітуі тиістігі жазылған.

Бесінші параграфында сабақ беретін мұғалімдерді орыс және татар тілдерін, көркем жазу мен арифметиканы жетік меңгерген Орынбор Неплюев кадет корпусы оқытушылары мен осы оқу орнында білім алғандар арасынан, немесе Қазан университетін бітірушілер қатарынан таңдап, оларды Орынбор әскери губернаторы рұқсатымен бекіту керектігі көрсетілген.

Орынбор шекаралық комиссия жанынан қазақ балаларына арналған мектеп Ережесінің толық нұсқасы. 1844 жылдың 14 маусым